Ақтөбе облысының Байғанин ауданының тұрғындары белгілі ақын, сазгер, әнші Бәкір Тәжібаевтың "Ақбұлақ" әнін орындады. Композитордың туған жеріне арналған туындысын 100 домбырашы бір мезетте орындап, тыңдарманды қуантты.
- Шара кезінде әнді шырқауға 100 домбырашы емес, 200 өнерпаз ниет білдірді. Олардың арасында жасөспірім балалармен қоса, ауылдың үлкендері де бар екен. Өнерпаздар Ақбұлақ ауылы маңында, табиғат аясында, бір мезетте ұлттық өнердің асқақ үнін кең дала төсінде бірге әуелеткен, - деп хабарлады Ақтөбе облысы әкімдігінің баспасөз қызметі.
"Ақбұлақ" - есті тыңдарманның сүйіп тыңдайтын әні. Туындының авторы Бәкір Тәжібаев Ақтөбе облысының, Байғанин ауданына қарасты Ақбұлақ ауылында дүниеге келді.
1985 жылы Бәкір Төлеуұлы туған ауылына деген сағынышы мен сүйіспеншілігін білдіру үшін атақты әнін жазды. Туынды ел арасында бірден танымал болды.
2026 жылдың наурызында Ұлыстың ұлы күні Әз-Наурыз мерекесінде Өскемен қаласының бес мыңнан астам тұрғыны "Ақбұлақ" әнін шырқап, тарихи рекорд орнатты. Рекорд арнайы кітапқа енді.