Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов “Zhylyoi Operating” ЖШС бас директоры Ху Гэнчэнмен кездесті.

Келіссөзде қазақстандық-қытайлық “Zhylyoi Operating” ЖШС кәсіпорны “ҚазМұнайГаз”ҰК” АҚ және “China National Offshore Oil Corporation” компанияларымен бірге іске асырып жатқан “Жылыой”жобасының барысы талқыланды. Жоба мұнай мен газдың жаңа қорларын іздеу мен бағалау бойынша геологиялық барлау жүргізуге, сондай-ақ өңірдің ресурстық әлеуетін дамытуға бағытталған.

Жұмыс президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың геологиялық барлау жұмыстарын кеңейту, стратегиялық инвесторларды тарту және заманауи технологияларды енгізуге қатысты тапсырмалары негізінде жүргізілуде.

Тараптар жобаны іске асырудың алдағы жоспарларын талқылап, оның облыстың мұнай-газ саласы үшін стратегиялық маңызы жайында айтты.

Серік Шәпкенов экологиялық талаптардың сақталуын және жұмысқа қабылдаған кезде жергілікті тұрғындарға басымдық беруді айрықша атап көрсетті.

China National Offshore Oil Corporation — Қытайдың ауқымы жөнінен үшінші орында тұрған мемлекеттік мұнай компаниясы. Ол әлемнің 20-дан астам елінде қызмет етеді.