Батыс Қазақстан облысында өткен жылдың бірінші қазанынан бастап күні бүгінге дейін 209 адам тұмаумен сырқаттанған. Бұл туралы облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің баспасөз қызметі хабарлады. Сала мамандары осы эпидемиологиялық кезеңде жіті респираторлы вируспен ауырған адамдардың саны 98158 екенін хабарлады. Жіті респираторлы вируспен ауырғандардың басым көпшілігі 14 жасқа толмаған балалар екені белгілі болды. Осы дертпен бір жасқа толмаған 1150 сәби де ауырыпты. 194 жүкті келіншек те жіті респираторлы вирустың тырнағына ілінген.

– Тұмаудың 209 жағдайы тіркелді, оның ішінде А типінің H1N3- 2 жағдай, H3N2-207 вирусы анықталған, былтырғы жылмен салыстырғанда аурушаңдылық бірқалыпта. 2024-2025 эпидкезеңде -208 жағдай тіркелді. Жас ерекшелігі бойынша, жағдайлардың басым көпшілігі 14 жасқа дейінгі балалар арасында тіркеліп отыр (148 жағдай), ал жүкті әйелдер арасында 17 жағдай тіркелді, – деп хабарлады Батыс Қазақстан облысы санитариялық-эпидемологиялық бақылау департаментінің баспасөз қызметі.

Сала мамандары тұмау мен жіті респираторлы вирустың алдын алу үшін сақтық шараларын есте сақтауға шақырады.

  • Вакцинация: Тұмауға қарсы вакцинация әрбір адам үшін, әсіресе балалар мен жүкті әйелдер үшін маңызды.

  • Жеке гигиенаны сақтау. Қолды жиі жуу, қолды бетке тигізбеу, жөтелгенде немесе түшкіргенде ауызды сүлгімен жабу.

  • Қалалық және қоғамдық орындарда маска тағу. Вирустың таралуын азайтуға көмектеседі.

  • Дұрыс тамақтану және су ішу. Иммунитетті күшейту үшін дәрумендерге бай тамақ пайдалану қажет.

  • Ауырған жағдайда үйде қалу. ЖРВИ немесе тұмау белгілері пайда болса, дәрігерге қаралып, қоғамдық орындарға бармау қажет.

  • Үйді желдету және тазалық. Үй ішінде ауа алмасуын қамтамасыз ету және беткі қабаттарды үнемі дезинфекциялауды тапсырды.