Батыс Қазақстан облысында қарасора өсірген ағайындылар құрықталды. Бұл туралы Polisia.kz хабарлайды. Сайт таратқан ақпаратқа сүйенсек, полиция қызметкерлері ақпанда есірткі тектес өсімдіктерді өсірумен айналысқан фитозертхананың жұмысын әшкерлепті.
- Күдіктілердің бірінің жеке үйінен желдету жүйесі мен жарықдиодты шамдармен жабдықталған, қарасора өсіруге арналған жасырын жертөле анықталды. Оқиға орнынан жеті түп өсімдік, буып-түйілген өсімдік тектес зат, өсіруге арналған құрал-жабдықтар және 14 миллион теңгеден астам ақша тәркіленді, -деп хабарлады Polisia.kz.
Екінші күдіктінің пәтерінен арнайы жабдықталған екі жылыжай-шатыр табылған. Онда 22 түп қарасора, пакеттер мен ыдыстарға салынған өсімдік тектес заттар, сондай-ақ арнайы құрал-жабдықтар тәркіленді.
Полиция қызметкерлері тіпті күдіктілердің ата-анасының үйінде тексеріпті. Пәтердің балконының астында өсімдік тектес зат салынған 560 сіріңке қорабы табылған.
Тәртіп сақшылары олардың құны шамамен 13 миллион теңгені құрайды деген болжам жасапты. Жалпы тәркіленген есірткі тектес заттардың салмағы 18-20 келіні құрайды екен.
Қазіргі таңда қос күдіктіге қарсы қылмыстық іс қозғалды. Күдіктілердің бірі қамауға алынған.