Оралда мобильді қосымша арқылы той-думанды өткізу үшін кафені жалға беру туралы хабарлама беріп, азаматтардың сеніміне кіріп, қаражатты қалтаға басқан алаяқ ұсталды. Бұл туралы облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлайды. Департамент таратқан ақпаратқа сүйенсек, интернет арқылы алаяқтыққа барған күдікті жәбірленушіге 165 мың теңге көлемінде шығын келтірген.
- Жәбірленуші хабарландыруды көріп, өзін мекеменің «әкімшісі» ретінде таныстырған адаммен байланысқа шығып, банкет залын жалға алу шарттарын келісіп, көрсетілген шотқа ақша аударған. Алайда осыдан кейін күдікті байланысқа шықпай қойған. Кейін әйел аталған мекемеге барған кезде, онда мұндай қызметкерлердің жұмыс істемейтіні анықталған. Осыдан кейін жәбірленуші полицияға жүгінген, - деп хабарлады Батыс Қазақстан облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Қазіргі таңда алаяқтық дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалыпты. Тергеу амалдары жүріп жатыр.
Тәртіп сақшылары интернет арқылы мәміле жасап, ақша аудармау туралы ескертеді.