Оралда iPhone 17 телефонын ұрлады деген күдікке ілінген адам ұсталды. Баукеспені Ұлттық ұланның сарбаздары ұстаған. Қала көшелерінде қоғамдық тәртіпті күзетіп жүрген жауынгерлерге ұрлық туралы хабарлама келіп түскен. №741 бағыт бойынша қызмет атқарып жүрген әскери жасақ бастығы қатардағы Еламан Еролеев пен патрульшілер Нұрдәулет Өтепберген және Ади Болатов күдіктінің сыртқы келбеті туралы берілген бағдарға сәйкес келетін азаматты байқап қалыпты.

Әскери қызметшілер азаматты тоқтатып, онымен әңгімелесу барысында оның күмәнді әрекеттеріне назар аударған. Сөйлесу кезінде ер азамат өзін сенімсіз ұстап, кенеттен оқиға орнынан қаша жөнелген. Алайда ұландықтардың жедел әрі үйлесімді іс-қимылының нәтижесінде күдікті ұсталды. Тексеру және тінту барысында азаматтың сырт киімінің оң жақ қалтасынан ұрланған iPhone 17 маркалы ұялы телефоны табылыпты. Ұсталған күдікті сарбаздар полиция қызметкерлеріне тапсырған.

—Патрульдеу кезінде әрбір күмәнді жағдайға мұқият назар аударамыз. Сол күні де алдын ала берілген мәліметке сәйкес келетін азаматты байқап, дереу әрекет еттік. Күдікті қашуға тырысқанымен, сарбаздардың қырағылығы мен шапшаңдығының арқасында ұсталды. Қоғамдық тәртіпті сақтау жолында біз әрдайым дайын болуымыз керек, — деді әскери жасақ бастығы қатардағы Еламан Еролеев.