Еліміздің Ұлттық банкі жаңа монеталарды айналымға шығарды. Жаңа монетаның бірі– әйгілі опера әншісі, педагог, актер Ермек Серкебаевқа арналған. Ол «Есте қалатын оқиғалар мен біртуар адамдар» сериясымен жарық көрді. Коллекциялық монеталарды 28 мамырдан бастап реттеуші банктың https://kazcoins.nationalbank.kz интернет дүкенінен сатып алуға болады.
Жаңа монета мельхиор(МН 25) қоспасынан жеті мың данасы дайындалған. Оның салмағы– 15 грамм, диаметрі – 33 мм, дайындау сапасы – brilliant uncirculated, номиналы – 200 теңгені құрайды.

Ұлттық банк «Жүректен жүрекке» сериясынан «AINALAIYN» коллекциялық монеталарын айналымға шығармақ.
– Монетада құрақ көрпені еске түсіретін композиция бейнеленген. Монета жиегінің бойымен шеңбер жасап қайталанған «AINALAIYN» сөзі шетінен ортасына қарай ағылған қозғалыс әсерін береді. Композицияның ортасында шуақты күн бейнелі ою-өрнекпен көмкерілген «Жүрек» элементі орналасқан. Бұл бейнелер жылулықты, шексіз махаббат пен шынайы қамқорлықты білдіретін қазақтың «Айналайын» сөзінің мағынасын ашуға арналған, – деп хабарлады Ұлттық банк.
Жаңа монета 925 сынамасы бар күміс пен мельхиордан жасалған. Күмістен жасалған монетаны дайындау барысында түрлі түсті баспа және құбылмалы кемпірқосақ реңкті (интерференциялық) қабат технологиясы қолданылған. Оның салмағы – 31,1 грамм, диаметрі – 38,61 мм, дайындау сапасы – proof, номиналы – 1000 теңге, таралымы – үш мың дана жасалған.

Ал, мельхиордан жасалған коллекциялық монетаның номиалы 200 теңгені құрайды. Оның он мың данасы дайындалыпты. Массасы – 15 грамм, диаметрі – 33 мм, дайындау сапасы – brilliant uncirculated екен.
Еліміздің Ұлттық банкі монеталардың барлық түрі Қазақстан Республикасының барлық аумағында өздерінің белгіленген құнына сай төлемдердің барлық түрі бойынша қабылдауға, сондай-ақ елдің барлық банкінде банк шоттарына есепке алуға және аударуға, ұсақтауға және айырбастауға жататынын еске салады.