Оралда Ұлттық кітап және кітапханашылар күніне орай "Ұлттық кітап күні – руханият мерекесі" атты фестиваль өтті. Салтанатты іс-шара Жұбан ескерткішінің алдында басталды. Оған зиялы қауым өкілдері, кітапханашылар мен кітап сүйер оқырмандар қатысты. Олар ақынның ескерткішінің алдында гүл шоқтарын қойып, Жұбан Молдағалиевке тағзым етті.

Фестиваль аясында "Алаш" әдеби сыйлығының, "Парасат" орденінің иегері, Қазақстан Жазушылар Одағы Батыс Қазақстан облысы филиалының төрайымы, ақын, жазушы, қоғам қайраткері Дариға Мұштанова кітап оқу мәселесіне тоқталып, қазіргі жағдайды баяндады.

Жұбан саябағында ұйымдастырылған іс-шара аясында Хадиша театрының актерлері ақын-жазушының образын сомдап, олардың өлеңдерін оқып, облыста жұмыс істейтін кітапханалар кітап көрмесін ұйымдастырды. Көрмеде зағип жандар оқитын Брайль әліпбиімен жазылған кітаптар, балаларға арналған оқулықтар мен Жұбан кітапханасының тарихынан сыр шертетін суреттер қойылды.

Қазіргі таңда жастар кітап оқымайды деп жиі сынайды. Салтанатты шараға қатысқан кітапханашылардан оқырмандардың жас буыны жайлы сұрадық. Хамза Есенжанов атындағы облыстық балалар және жасөспірімдер кітапханасында 20 мыңнан астам оқырман бар екен. 5-9 сыныптың оқушылары түрлі жанрды оқығанды жақсы көреді екен.

- Қазір «балалар кітап оқымайды»,- деп айтады. жоқ, олай емес. Балалар кітап оқиды. Кітапханамызда орта сыныптың оқушыларына қызмет көрсететін бөлім бар. 5-9 сыныптың оқушылары біздің жергілікті авторлар Талап Таймасұлы мен Жантас Сафуллиннің комикстерін жақсы оқиды. Ұлдар спортты оқиды. Эпостарға деген сұраныс көп. Жергілікті ағайынды Айтқалиевтердің жазған кітабын оқырмандар жиі сұрайды, -дейді Хамза Есенжанов атындағы облыстық балалар және жасөспірімдер кітапханасының бөлім басшысы Ақмарал Кальчукова.

Ұлттық кітап және кітапханашылар күніне арналған фестиваль филармония залында жалғасты. Салтанатты жиында кітапхана ісі мен кітап оқу мәдениетін насихаттап жүрген, еңбегі көпке үлгі мамандар марапатталды.