Оралда Комитерн ауданында орналасқан Ақсай көшесі мен 10 шағын ауданында орналасқан Бірлік көшесінің тұрғындары жол сұрайды. Коминтерн ауданында үш көше бар екен. Өткен жылдары екі көшенің жолы жөнделіпті. Ал, жөндеуге ілікпеген Ақсай көшесінің тұрғындары жолсыздың кесірінен зардап шегіп отыр. Балшықта оқушылардың мектепке баруы қиындап, көктем мен күзде жедел жәрдем көлігі мен такси келмейді деп шағымдануда тұрғындар.
- Біздер Комитерннің Ақсай көшесінде тұрамыз. Өткен жылы Зачаганск әкімдігі ескі асфальт салып береміз деп уәде берген еді. Биыл асфальт салмаймыз деп отыр. Ақсай көшесінде балшықтан аяқ алып жүре алмайсың. Көлікпен жүрсең, машина батып қалады. Балалар мен егде жастағы жандар қиналып жүр. Жыл сайын жол салып береміз деп уәде береді. Тіпті жаңасы болмаса да ескі асфальт төсеп беруді сұраймыз. Жарық та жоқ. Жарық бағаналарын қалай болса солай орнатты. Қараңғы көшеде балшық кешіп жүреміз. Балаларға қиын. Қазір қайта күн ұзарып келе жатыр. Өз күшімізбен үйіміздің жанындағы жолды дұрыстауға тырыстық. Бірақ одан түк пайда жоқ. Су тасқыны кезінде дамбаны жасаймыз деп ауыр жүк көліктері жүрді. Олар жолымыздың сиқын бұзды. Содан кейін жаңбыр жауса болды, балшыққа батасың да қаласың, - деді Орал қаласының тұрғыны Әсел Сарбалинова.
Жол сұрап жүрген тұрғынның бірі - Темірболат Абдушев. Ол оныншы шағын ауданында орналасқан Бірлік көшесінде өмір сүреді. Кейіпкерімізде балшық кешіп жүр. Жолсыздың кесірінен түрлі кедергіге тап болады екен. Тіпті күні кеше Бірлік көшесінде үш жедел жәрдем көлігі батып, бір-бірін таңға дейін сүйреп әзер шығарған. Тұрғындар талай мәрте әкімдікке хабарласып, арыз жазғанын айтады. Алайда шешімім тапқан мәселе жоқ.
– Бірлік көшесінде жарық та, жол да жоқ. Балалар мектепке бара алмайды. Резеңкі етіктері судың ішінде қалып қояды. Өткенде екі бала үйге жалаң аяқ келді. Етіктері сол батпақтың ішінде жатыр. Көшеде қаңғырған ит көп. Бала түгіл, ересек адамның өзі жүргенде жүрексінеді. Ит қабады. Жедел жәрдем келмейді. Келсе, "жол жоқ", деп кірмейді. Такси жүргізушілері де тапсырыстан бас тартып келмейді. 2-3 күн бұрын үш жедел жәрдем көлігі бір-бірін сүйрелеп, шығара алмай жүрді. Көршілерім жедел жәрдем шақырып еді. Бір жедел жәрдем келіп, батып қалды. Е-өтініш, Ай-көмекке жаздық. Жазбаған жеріміз қалмады, - деп күйінді Темірболат Абдушев.
Жол сұрап отырған тұрғындардың базынасын Орал қаласының әкімдігіне жеткіздік. Қала әкімдігінің баспасөз қызметі қос көшені жөндеу үшін жобалық-сметалық құжаттама жасақталғанын хабарлады. Тек Ақсай көшесіне ескі асфальтті төсеуді көздеп отырғанын мәлімдеді.
- Қазіргі уақытта Ақсай көшесіне жобалық-сметалық құжаттама әзірленбеген. Осыған байланысты толық ауқымды жөндеу жұмыстарын жүргізу мәселесі алдағы кезеңдерде қарастырылатын болады.2026 жылы Жәңгір хан көшесінде орташа жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланған. Аталған жұмыстар барысында алынатын фрезерленген асфальт қалдығын Ақсай көшесіне төсеу көзделіп отыр. Бұл шара жолдың қазіргі жағдайын уақытша жақсартуға және тұрғындар үшін қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік береді, - деп хабарлады Орал қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі.
Бірлік көшесінің тұрғындары да әлі бірнеше жыл балшық кешіп, жарыққа жарымайтын секілді. Бұл көшенің де жолын жөндеу үшін арнайы құжаттама жасақталмаған.
- Аталған мәселе бойынша қазіргі уақытта аталған учаскеде жобалық-сметалық құжаттама қарастырылмаған. Биыл Желаев трассасында жөндеу жұмыстары жүргізілген жағдайда, алынған ескі асфальт қалдықтарын пайдалана отырып, жолды уақытша абаттандыру (балшықтың алдын алу мақсатында) мүмкіндігі қарастырылатын болады. Сондай-ақ жарықтандыру жұмыстары тиісті қаржыландыру бөлінген жағдайда қарастырылады, - деп хабарлады Орал қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі.