Қазақстанда 5400 жасөспірім жазғы мезгілде ресми жұмыс істеген
Жазда Enbek.kz электронды еңбек биржасында «Менің жазғы каникулым» атты арнайы бөлім құрылған еді.

2025 жылдың мамыр айында Enbek.kz электронды еңбек биржасында «Менің жазғы каникулым» атты бөлім құрылды. Бұл жаңашылдық жаз мезгілінде кәмелетке толмаған жасөспірімдердің ресми жұмысқа орналасып, еңбекке араласуына жағдай жасады. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің таратқан ақпарына сүйенсек, 14 пен 18 жас аралығында 5400 қазақстандық жазғы мезгілде жұмыс істеген.
— Жаз айларында 16-18 жас аралығындағы жастар 13,6 мың түйіндеме, 14-15 жас аралығындағы жасөспірімдердің ата-аналары 356 жеке кабинет ашып, оның ішінде 112 адам 129 түйіндеме жариялады, —деп жазылған еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ресми хабарламасында.
Қазіргі қолданыстағы Еңбек кодексіне сәйкес, 14 жастан бастап жасөспірімдерге ресми түрде еңбекке араласа алады. Тек денсаулыққа зиян келтірмейтін, оқуға кедергі жасамайтын, сабақтан тыс уақытта орындалатын жұмысқа ғана рұқсат беріледі.
— Осы талаптарға сай келетін шамамен 80 мамандық белгіленген, олардың қатарына тәрбиешінің көмекшісі, дүкен сатушысы, тазалаушы-жуушы, SMM-менеджер, курьер және басқа да қызметтер жатады. Бірінші қыркүйектегі жағдай бойынша «Менің жазғы каникулым» бөлімінде 305 жұмыс берушіден осындай 2,1 мың бос жұмыс орны жарияланған. Бұл бос жұмыс орындарын тікелей жұмыс берушілердің өздері ұсынады. Сондықтан кейбір өңірлерде мұндай ұсыныстар болмауы мүмкін, - делінген Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ресми хабарлауында.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі келешекте бұл қызмет қолжетімді болатынын хабарлады. Ол үшін жұмыс беруші бос вакансияны жарияланған кезде тиісті белгіні қоюы шарт екен.