Қазақстанда такси қызметін ұйымдастыруда тәртіп күшейді. Бұл туралы Ұлттық экономика министрлігі хабарлады. Жаңашылдықтарға сәйкес енді такси қызметін іске қосқысы келетін кәсіпкерлер кәсібін бастамас бұрын, әкімдіктерге хабарлама жіберуі керек. Сонымен қоса таксопарктер көлік ауыстырса немесе жаңа темір тұлпар алса өзгерісті бірден хабарлайды.

- Бұрынғы тәртіп бойынша, тасымалдаушы белгілі бір көлік құралына байланбайтын. Бұл жол-көлік оқиғасы кезінде жолаушыларға немесе үшінші тұлғаға зиян келтірілген жағдайда жауапты адамды анықтауды қиындататын. Осыған байланысты хабарлама нысаны көлік құралының маркасын, мемлекеттік тіркеу нөмірін және шығарылған жылын көрсететін мәліметпен толықтырылды, - деп хабарлады Ұлттық экономика министрлігі.

Сала мамандары такси қызметіндегі жаңашылдықтар қауіпсіздік күшейтіп, жол апаты болғанда кінәлі тұлғаларды тез анықтауға мүмкіндік болады деп сенеді.