Батыс Қазақстан облысында 7,2 миллиард теңгені құрайтын мемлекеттік сатып алу конкурсының күшін жойды. Бұл туралы бас прокуратура хабарлайды.
Прокурорлар таратқан ақпаратқа сүйенсек, Бөрлі ауданы әкімдігінің Ақсай қаласында тас жолдарды күтіп ұстау туралы мемлекеттік сатып алу порталында хабарландыру жариялапты. Осы келісімшартта қаланы көгалдандыру да қарастырылыпты. Алайда нақты қандай жұмыс атқару мен оның көлемі көрсетілмеген.
– Аталған жұмыстардың құрамында көгалдандыру көгал отырғызу, ағаштар мен гүлдер егу және оларды күтіп-баптау көзделгенімен конкурс құжаттамасы «Өсімдіктер дүниесі туралы» заңның міндетті талаптарына сәйкес келмегені анықталды. Атап айтқанда, жоспарланған отырғызулар мен көгалдар жасауға қатысты дендрологиялық жоспар және көгалдандыру жұмыстарының көлемі мен құнын айқындау үшін қажетті дефектілік акт болмаған. Сонымен қатар, көгалдандыру жұмыстары жеке лот ретінде бөлінбеген, ал жұмыстарды орындау учаскелері мен нақты мекенжайлары құжаттамада нақтыланбаған. Есептеулерге сәйкес аталған іс-шараларға 826,3 миллион теңге қаражат қарастырылған, – деп хабарлады бас прокуратураның баспасөз қызметі.
Дендрологиялық жоспар – көгалдандыруды жоспарлаудың негізі. Осы жоспарда қолданыстағы жасыл қор, түрлік құрамды және орналастыруды ескере отырып, отырғызуға немесе күтім жасауға жататын өсімдіктердің саны көрсетіледі. Мұндай жоспарлар болмаған жағдайда жоспарланған отырғызулардың қажеттілігін, отырғызылатын тұқымдардың негізділігін және жұмыстардың нақты учаскелерге байланысын растау мүмкін емес.