5 часов назад

2025 жылы 17 мыңнан астам қазақстандық интернет алаяқтығынан зардап шекті

Зардап шеккендердің 1100-ден астамы зейнеткер екен.

2025 жылы 17 мыңнан астам қазақстандық интернет алаяқтығынан зардап шекті
Cурет "ЖИ" көмегімен жасалды

2025 жылдың бес айында интернет алаяқтарынан зардап шеккен қазақстандықтардың саны 17909 адамды құрады. Ақшасынан қағылғандардың 1131 зейнеткер мен 50 кәмелетке толмағандар. Бұл туралы бас прокуратура хабарлады. Прокурорлардың ақпарына сенсек, елордада алаяқтар жиі алдайды екен. Биылғы жылдың бес айында 1548 қылмыс тіркеліп, тізімде көш бастап тұр. Екінші орында Алматы шаһары жайғасыпты. Қалада 1114 дерек тіркелген. Қарағандыда 868 адам ал, Павлодар облысында 861 тұрғын, Ақмола облысында 792 азамат алаяқтарға алданыпты.  

Заң бұзатындар жалған хабарландыру орналастырып, жиі банк қызметкерімін деп жиі хабарласады екен. Осындай мәтінмен 2025 жылдың бес айында адамдарға  2118 рет қоңырау шалыпты. Алаяқтар тұрғындардың инвестицияға ақша салыңыз деп бар тапқан таянғанын тартып алады. Лезде пайдаға кенелемін дегендер жинағын жоғалтып, кейде қарызға да батады.

Құқық қорғаушылар алаяқтарды қолға түсірудің қиын екенін айтады. Себебі, көп жағдайда қылмыскерлер шетелде отырып, қазақстандықтардың ақшасын жымқырып кетеді.

Прокурорлар алаяқтарға алданбас үшін қауіпсіздік шараларын сақтауға шақырады. Ендеше прокурорлардың кеңесін ұсынамыз:

  • «Бейтаныс адамдарға сенбеңіз». Олар «банктен» қоңырау шалып, кодты немесе карта деректерін талап ете ме? Бұл алаяқтар. Телефонды қойып, ресми сайттан көрсетілген нөмірге банкке қайта қоңырау шалыңыз;
  • «Онлайн мәмілелерді тексеріңіз». Интернеттен сатып аласыз ба? Сайттың қауіпсіз («https://» мекен-жайынан) және сатушы нақты екеніне көз жеткізіңіз. Тым төмен баға – дабыл белгісі;
  • «Инвестициядан» сақ болыңыз. Жылдам табыс уәде етілген бе? Компанияны ҚР Ұлттық Банкі арқылы тексеріңіз. Лицензиясы болмаса– бұл алдау;
  •  «Алдын ала төлемеңіз». Хабарландыру сайттарында тауарды алғаннан кейін төлем жасауға немесе кездесуге келіссөздер жүргізіңіз;
  • «Деректерді қорғау». Құжаттардың суретін бейтаныс адамдарға жібермеңіз. Күрделі құпия сөздерді және екі факторлы аутентификацияны орнатыңыз;
  • «Бірден хабарлаңыз». Егер сіз алданып қалсаңыз, шотты бұғаттау үшін дереу банкке хабарласыңыз және полицияға арыз беріңіз.


Стали очевидцем происшествия?  WhatsApp