Қазақстанда 238 мың адам адам папилома вирусқа қарсы екпе салған
11 жастан бастап қыз балаларға адам папилома вирусына қарсы екпе салынуда

2024 жылы 238 мыңнан астам қазақстандық адам папилома вирусына қарсы екпе алыпты. Бұл туралы денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады. Өткен жылы 143 мыңнан астам 11 мен 13 жас аралығындағы жасөспірім қыз обырға қарсы екпенің бірінші дозасын алыпты.
90 мың бұрымды екпенің екінші компонентін салдырған. Өткен жылдың қыркүйегінен бастап барлығы АПВ-ға қарсы 238,2 мың профилактикалық егу жүргізіліпті. Министрлік екпе алғандарда қолайсыз реакция тіркелмеді деп хабарлады. Қазіргі таңда адам папилома вирусына қарсы екпені 147 елде салады.
– Вакцина қауіпсіз, жақсы төзімді және алдын алудың тиімді әдісі ретінде Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы ұсынады.АПВ-ға қарсы вакцинациялау бағдарламасының негізгі мақсаты – әйелдерді АПВ тудыратын ең көп таралған ауру болып табылатын жатыр мойны обырынан, сондай-ақ гениталий кондиломаларын, анус пен жыныс мүшелерінің обырын қоса алғанда басқа да онкологиялық аурулардан қорғау, – делінген Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз хабарламасында.
Енді министрлік адам папиломасы вирусына қарсы вакцинаны 11 жастан бастап ұлдарға да қоса егіп, АПВ вакцинациясымен қамтуды кеңейтуді жоспарлап отыр.