Елімізде мүгедектігі бар жандардың емін-еркін қозғалып, олардың саулығы мен дамуы үшін бар жағдай жасалуы керек. Өзекті проблема жыл сайын өз шешімін біртіндеп тауып келеді. Десек те, күрмелі қиын мәселе көп.
Батыс Қазақстан облысы әкімдігінің таратқан ақпарына сүйенсек, өңірде 1383 нысан кезең-кезеңімен қамкөңіл жандар үшін бейімделіпті.
Аймақта инватакси қызметі кеңейіпті. Күні бүгінге дейін 1333 адам осы қызметті пайдаланған.
Батыс Қазақстан облысында инклюзивті білім беру жүйесі де дамып келеді. Бүгінде мектептердің 31,6 пайызы мен колледждердің 30,7 пайызы арнайы жабдықталған.
Облыста мүгедектігі бар жандардың бизнес бастамасын қолдау үшін биыл 60 грант берілген. 2026 жылы 200 адам екі қолға бір күрек тауыпты.
Облыс әкімдігі: "мүгедектігі бар жандардың спортпен шұғылдануына да ерекше көңіл бөлінуде",- деп хабарлады. Былтыр Оралда жаңа спорт кешені пайдалануға берілді. Жаңа нысанда жаттыққан жандар түрлі жарыстарға қатысып, 17 медаль қанжығалапты.
- Облыста инклюзивті саясат тұжырымдамасы аясында 26 мың мүгедектігі бар адамның құқығын қамтамасыз ету бағытында кешенді жұмыстар жүргізілуде. Мәселен, бес мыңнан астам тұрғын арнаулы әлеуметтік қызметтермен қамтылса, жергілікті бюджеттен мүгедектігі бар жандарға 211,5 миллион теңге көлемінде әлеуметтік көмек көрсетілді. Орал қаласындағы 150 орындық заманауи оңалту орталығы мен өз бетімен тұруды сүйемелдеу үйі азаматтарды қоғамдық өмірге бейімдеуде нәтижелі жұмыс істеп тұр. Биылдың өзінде 544 ұл-қыз оңалту емін алды. Ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларға оқу орындарында тиісті жағдайлар жасалды, -деп хабарлады Батыс Қазақстан облысы әкімдігінің баспасөз қызметі.
Облыс әкімдігі өңірде мүгедектігі бар жандарға жайлы орта қалыптастыру үшін жұмысты жалғастырамыз деп сендірді.