БҚО-да жылыту маусымына дайындық пысықталды
Облыстық әкімдікте жылыту маусымын пысықтауға арналған жиын өтті.

Орал қаласында 2025-2026 жылдарға арналған жылыту маусымына дайындық барысы пысықтауға арналған жиын өтті. Өңірдің бас энергетигі Бейімбет Мусин әлеуметтік нысандар мен тұрғын үйлердің дайындығын жітке тізді. Тұрғын үй коммуналды шаруашылығы басқармасының келтірген мәліметіне сүйенсек, өңірде денсаулық сақтау мекемелерінің қысқа дайындығы 98 пайызды құраған. Бірақ бірқатар медициналық ұйымдарда күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Жөндеу жұмыстары қыркүйекте толықтай аяқталмақ. Ал, білім беру мен мәдениет нысандарының 99 пайызы жылыту маусымына дайын болып шықты. Аймақта орналасқан әлеуметтік нысандардың барлығы қысқа дайын көрінеді.
Облыс орталығында орналасқан 1210 көпқабатты тұрғын үй бар. Оның 963 дайындық паспортын алыпты. Атқамінерлер бес жатақхананың дайындығын жіті бақылап отыр. Шенеуніктер Жәңгір хан көшесі №16 үй, Ружейников көшесі №7 үй, Ақотау көшесі №24 және №24/1, Хамит Чурин 119 және Доспанова көшесі №58 үйдің жылыту маусымына дайындығын қадағалауда екен.
Жылыту маусымына арналған жиында табиғи монополиялар субьектілерінің дайындығы да пысықталды. «Жайық жылу қуат» мекемесінің жылу желілерін жаңғырту 85 пайызға орындалыпты. «Батыс су арнасы» ЖШС су желілерін қайта құру жұмыстарын аяқтауға жақын екен. Ал, электр желілері мен газ инфрақұрылымын жаңғырту үшін миллиардтаған қаражат жұмсалған.
Жиында аймақ басшысы жауаптыларға жылыту маусымына дайындықты толық қамтамасыз етіп, отын қоры мен коммуналды инфрақұрылым жұмысын бақылауды тапсырды.
Естеріңізге сала кетейік, жақында өңірге үкімет басшысының кеңесшісі Ералы Тоғжанов Батыс Қазақстан облысына арнайы сапарлап келді. Елордадан арнайы келген Ералы Лұқпанұлы өңірдің жылыту маусымына дайындығын тексерген еді.
Батыс Қазақстан облысы әкімдігінің фотосы