Маңғыстауда 5 мектеп пайдалануға берілді
4 мектеп «Келешек мектеп» ұлттық жобасы аясында салыныпты. Бір білім ошағы демеушілердің қаражатына бой түзеген.

Маңғыстауда жаңа оқу жылында бес мектеп пайдалануға берілді. Бұл туралы облыстық әкімдіктің баспасөз қызметі хабарлады. Әкімдіктің таратқан ақпарына сүйенсек, төрт оқу ордасы мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес «Келешек мектеп» ұлттық жобасы аясында салыныпты. Демеушілердің қолдауымен бір білім ошағы бой түзеді.
Жаңа білім нысандарының бірі – Бейнеу ауданы Сам ауылындағы 300 орындық мектеп. Ашылу рәсіміне облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбай, ардагерлер, ұстаздар мен ауыл тұрғындары қатысты.
— Мемлекет басшысы білім саласын дамытуға әрқашан айрықша көңіл бөледі. Бүгін пайдалануға беріліп отырған жаңа мектептер – осы қамқорлықтың нақты нәтижесі. Президенттің тапсырмасымен салынған заманауи білім ордалары шалғайда жатқан ауылдарға да жетіп, балалардың сапалы білім алуына мүмкіндік беріп отыр. Бұл білім ордасында шәкірттердің жан-жақты дамуына, мұғалімдердің шығармашылықпен еңбек етуіне барлық жағдай жасалған. Осы шаңырақтан түлеп ұшатын түлектер еліміздің дамуына үлес қосатын білімді де отаншыл азамат болады деп сенемін. Баршаңызды білім күнімен құттықтаймын, жаңа оқу жылы сәтті әрі табысты болсын, – деді Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай.
Қазіргі таңда Сам ауылында бой түзеген мектепте 151 оқушы білім алуды. Оларға 40 педагог оқытады. Жаңа ғимаратта 27 оқу кабинеті, 18 қосымша бөлме, химия, биология, информатика, робототехника, STEM, өнер және музыка сыныптары қарастырылған. Сонымен қатар логопед пен психолог кабинеттері, спорт және акт залы, асхана, кітапхана, шеберхана, медициналық бөлме мен мұражай бар.
Жалпы, жаңа оқу жылында Маңғыстау облысында 157 мектеп жұмысын бастады. Өңірде 213 мыңнан астам оқушы білім алуда. Олардың 19 мыңы алғаш рет мектеп табалдырығын аттады. Сонымен қатар оқу жылының алғашқы тоқсанында тағы бес жаңа мектеп пайдалануға берілмек.