Оралдың әкімі Мұрат Байменов қала тазалығын өзі тексерді. Ол шаһар көшелерін аралап, айналасын тазартпай отырған кәсіп иелерімен жүздесті. Әкім аялдаған бірінші нысан Абай даңғылы 244 мекенжайының маңында орналасқан. Көпқабатты тұрғын үйдің жанында жаңа ғимарат бой түзеген. Алайда кәсіпкер оның айналасын жиыстырмапты. Екінші база аялдамасының маңында орналасқан жанар-жағармай құю станциясы да әкімнің сынына ілікті. Шаһар басшысы жөнделіп жатқан жанармай құю станциясының айналасын жиыстырып, қазылған шұңқырларды бітеуді тапсырды.
- Бізде негізгі құрылыс жұмыстары күзде басталды. Жанармай құю станциясы толықтай қайта жаңғыртудан өтіп жатыр. бұл жерде ескі жанармай құю станциясы болды. Біздер толықтай асфальтті жаңарттық. Ғимаратты жаңадан салдық. Ішін әрлеп бітірдік. Тек ғимараттың сыртқы жабындысы қалды. Екі айда мына жер жылтырап тұрады, -деді жанар-жағармай құю станциясының бас менеджері Санжар Ермекқалиев.
Қалада кәсібінің айналасын жинамай, абаттандыру ережесін бұзған кәсіпкерлер жетіп артылады. Шаһар басшысы 19 кәсіпкердің айыппұл арқалағанын жеткізді. Қала көшелерін күл-қоқыстан тазарту үшін екі айға санитарлық сенбілік жарияланыпты.
- Орал қаласында санитарлық-экологиялық сенбілік екі айға жарияланды. Осы сәуір айынан бастап, мамыр айының аяғына дейін жалғасады. Қаламызда сенбіліктер ұйымдастырылады. Біздер қыс бойы қар шығару сияқты жұмыстарымызды аяқтап келдік. Қыстан шыққан қоқыстарды шығару керек. Екі ай сенбілік ұйымдастырып, тек әкімдік қызметкерлері, бюджеттік мекеменің қызметкерлері емес, барлық кәсіпкерлерді сенбілікке ат салысуға шақырамыз. Кәсіпкерлерге мынандай ұсыныс жасап жатырмыз. Олар өздерінің қоқыстарын жинап, қапшыққа салып қойса, біздің көліктер келіп, тиеп алып кетеді, -деді Орал қаласының әкімі Мұрат Байменов.
Шаһар басшысы көпқабатты тұрғын үйлердің ауласын тазалауды да тапсырды. Ол мүлік иелерінің бірлестігінің өкілімен жүздесті. Қонаев 62 мекенжайында орналасқан баспананың ауласын да тексерді. Көпқабатты үйде бірнеше коммерциялық нысан орналасқан. Оларға әкім ғимараттарының қасбетін әрлеп, артық жарнамаға арналған қоршауларды алып, айналасын тазартуды тапсырды.