13 августа в 11:20

Оралда сарбаздар түрмеге телефон алып кірмек болғандардың жолын кесті

Оқиға қатаң режимдегі түзету мекемесінде тіркелген.

Оралда сарбаздар түрмеге телефон алып кірмек болғандардың жолын кесті
Фото: pixabay.com

Оралда Ұлттық ұланның сарбаздары қатаң режимдегі түзету мекемесіне тыйым салынған зат әкелмек болған тұрғынның жолын кесті. Бұл туралы «Батыс» өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметі хабарлады.

— Орал қаласында ҚР Ұлттық ұланының әскери қызметшілері қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің қызметкерлерімен бірлесіп, қатаң режимдегі колония аумағына тыйым салынған зат өткізбек болған азаматты ұстады. Оқиға күзет аймағында жоспарлы патрульдеу барысында орын алған. Қызметтік наряд қоршау маңында күмәнді қимыл жасаған ер адамды байқайды. Тексеру кезінде оның түзету мекемесі аумағына алты ұялы телефонды лақтыруға оқталғаны анықталды. Жедел әрекет еткен әскери қызметшілер құқық бұзушыны оқиға орнында ұстап, тәркіленген заттарды тиісті органдарға тапсырды, — деп хабарлады «Батыс» өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметі.

Қырағылық танытқан жауынгердің бірі- Фархад Жаңбырбаев. Ол оқиғаны баяндап берді.

— Біз ер адамның бұталардың арасынан бір затты алып, қолын сермегенін көрдік. Бұның тыйым салынған затты қоршаудан асырып тастау әрекеті екенін түсіндік. Қаруласым екеуміз дереу тоқтатып, ұстап үлгердік. Барлығы бірнеше секунд ішінде болды, — деді қатардағы жауынгер Фархад Жаңбырбаев.

Фото: pixabay.com

Стали очевидцем происшествия?  WhatsApp