Қазақстанда 3,4 млн бала қосымша біліммен қамтылған
Балалардың басым көпшілігі тегін үйірмелерге қатысады.

Биыл ел аумағында 400 астам қосымша білім беру мекемесі ашылды. Бұл туралы оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады. Министрліктің келтірген мәліметіне сүйенсек, қазіргі таңда қазақстандық балалардың 3,4 миллионы қосымша білім беру мекемесіне барады. Бұл көрсеткіш 3,2 миллионды құрапты. Балалардың 62 пайызы тегін үйірмелерге барады.
Қазіргі таңда елімізде 380 түрлі бағыттағы үйірмелер бойынша қызмет көрсететін 2142 мектептен тыс ұйым жұмыс істейді. Қосымша біліммен қамтылған балалардың үлесі 2020 жылы 63,5% болса, 2025 жылы 87,2% дейін өсті.
— Оқу-ағарту министрлігі тұрғылықты жеріне қарамастан, балалардың барлық санаттары үшін қосымша білімге тең қолжетімділікті қамтамасыз етуге ерекше назар аударады. Өткен жылы елімізде 1713 мектептен тыс ұйым жұмыс істесе, биыл олардың саны 25% артып, 400 астам жаңа қосымша білім беру ұйымы ашылды, — деп атап өтті тәрбие жұмысы және қосымша білім беру департаментінің басқарма басшысы Алтай Рахымберлин.
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша еліміздің 12 өңірінде 22 оқушылар сарайының құрылысы жүріп жатыр. Оның ішінде бес қосымша білім беру нысаны Солтүстік Қазақстан, Павлодар облысы мен Шымкент, Алматы қаласында пайдалануға берілді.