Қазақстанда жаңа мереке пайда болды
29 қазан кәсіпкерлер күні болып бекітілді.

Қазақстанда жаңа мереке пайда болды. 29 қазан кәсіпкерлер күні болып белгіленді. Бұл туралы Ұлттық экономика министрлігі хабарлады. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің тиісті бұйрығына 2025 жылғы 30 шілдеде қол қойылды. Бұл күнді таңдау маңызды тарихи оқиғаға байланысты.
— 2015 жылғы 29 қазанда бизнесті қолдау жөніндегі бірыңғай мемлекеттік саясаттың базалық қағидаттарын қалыптастыра отырып, кәсіпкерлік, инвестиция, бәсекелестік және мемлекеттік бақылау саласындағы негізгі заңнамалық актілерді шоғырландырған Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексі қабылданды, - делінген Ұлттық экономика министрлігінің хабарламасында.
Бүгінде елімізде 2,3 миллионннан аса бизнес субъектісі тіркелген. Ұлттық экономика министрлігінің хабарлауы бойынша, жыл басынан бері 288 миллиард теңгеге екі мыңнан астам жоба субсидияланып, 61 миллиардқа 737 жобаға кепілдік берілген. Тоғыз мыңға жуық кәсіпкер оқыпты. Биыл шағын және орта бизнесті қолдауға 270 миллиард теңгеден астам қаражат бөлу жоспарлануда. 12,6% мөлшерлемемен «Өрлеу» жеңілдікпен кредиттеу бағдарламасы да іске қосылды. Қолдаудың жалпы көлемі 750 миллиард теңгені құрайды. Оның ішінде 300 миллиарды - «Даму» қаражаты, 450 миллиарды - банк ресурсы деп жоспарланған. Қазірдің өзінде 200 миллиард теңгеге 400 жуық жоба қаржыландырылды.