Алаяқтар тұрғындарды алдау үшін жасанды интеллектің көмегіне жүгінуде. Бұл туралы Ішкі істер министрлігі хабарлады. Қаскөйлер азаматтардың сеніміне кіріп, құқық қорғау, банк саласының мамандарымыз деп таныстырып, бейнеқоңырау шалады.
Бейнеқоңырауда олар арнайы бейне мен дыбыстың көмегімен арбауға кірісті. Олар банк шотындағы қаражат бөгде біреуге аударылып жатыр деп хабарлайды. Сөйтіп, шоттағы ақшаны «қауіпсіз шоттарға» аудару туралы кеңес береді. Олар қоңырау шалғанда жылдам әрі тез шешім қабылдауға, уақыт жоғалтпауды алға тартады. Сөйтіп алаяқтардың құрығына түскен жандар олардың тапсырмасын бұлжытпай орындайды да, тапқан қаржысынан біржолата айырылады.
Ішкі істер министрлігі құқық қорғау органдары мен банк қызметкерлері ешқашан бейнеқоңырау арқылы ақша аударуды талап етпейтінін, құпия мәліметтерді сұрамайтынын және телефон арқылы қаржылық операциялар жүргізуді ұсынбайтынын ескертеді.
- Алаяқтықтың алдын алу үшін бейтаныс адамдардың ақша аударуға қатысты нұсқауларын орындамаңыздар, жеке және банк деректерін бермеңіздер, сондай-ақ келіп түскен ақпаратты ресми дереккөздер арқылы тексеріңіздер. Барлық алаяқтық фактілері мен әрекеттері туралы дереу полицияға хабарлау қажет, - деді ІІМ киберқылмысқа қарсы іс-қимыл департаментінің басқарма бастығы Бейбіт Біржанов.