Қазақстанда жазғы демалыспен 3,2 млн бала қамтылмақ
Үкімет отырысында оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев оқушылардың жазғы демалысын ұйымдастыру мәселесін жайып салды.

Үкімет отырысында балалардың жазғы демалысы мен олардың бос уақытын ұйымдастыру мәселесі талқыланды. Еліміздің бас ұстазы Ғани Бейсембаев биыл 3,2 миллион қазақтандық баланың демалыспен қамтылатынын хабарлады.
— Еліміздің 10 мыңнан аса демалыс орнында 3,2 млн бала жазғы каникулын өткізеді. Оның 15 мыңнан астамы – жыл бойғы сауықтыру орталықтарында, 186 мың бала – қала маңындағы, 2,8 млн бала – мектеп жанындағы, 160 мың бала – шатырлы және киіз үй демалыс орындарында демалады,- дейді Қазақстан Республикасының оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев.
Министрдің сөзіне сенсек, өңірлерде барлық демалыс орталықтарының тізімі бекітіліпті. Мекемелердің дайындығы республикалық штаб отырысында қаралған. Санитарлық нормалар, тамақтың қауіпсіздігі талаптарының судағы, ормандағы және спорт обьектілеріндегі қауіпсіздік ережелерінің сақталуының бақылау күшейтілген екен.
«Қазақстан халқына» қорының қолдауының «Жаздық жолдама» аясында он мың бала тегін демалмақ. Көпбалалы және ауылдық жерде тұратын жанұялардың балаларына басымдық берілмек. Министрлік жазғы демалысты ұйымдастыру үшін 120 мың ұйымдастырушы-педагогті даярлапты. Бұған қоса қосымша 12 мыңнан астам студент пен ерікті де жұмылдырылмақ.
Өңірлерде балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру үшін қамданып жатыр. Мәселен, Түркістан облысында он лагерьде модульдік корпустар салынуда. Ал, Шығыс Қазақстан облысында «Қонақжай отбасы» жобасы биыл да жалғаспақ. 2025 жылы аталмыш бағдарламаға алты елдімекеннен 62 жанұя мен 140 бала қамтылмақ. Ақтөбе облысы мен өзге аймақтарда «Жұмысшы мамандықтар» жылы аясында колледж жанындағы лагерьлерде оқушылар шеберлік сыныптары мен кәсіптік бағдар беру сессияларына қатысады.
- Ақтөбе облысында 291 мың бала жазғы лагерьмен қамтылмақ
- Биыл 177 мың түлек жоғарғы оқу орындарын аяқтайды
- Казахстанские выпускники получают рабочую профессию уже к 11 классу
- Қазақстанда шәкіртақы көбейеді