Аймақ басшысы Нариман Төреғалиевтің төрағалығымен облыстық инвестициялық штабтың кезекті отырысы өтті. Жиынға облыс прокуроры Нұрбек Ұласбекұлы, салалық басқармалар мен жергілікті және шетелдік компаниялардың басшылары қатысты. Аудан әкімдері селекторлық режимде байланысқа шықты. Өңір басшысы президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың инвестиция тарту бағытында жүктеген тапсырмаларын жүйелі орындай отырып, экономикалық өсімді арттырудың маңызын атап өтті.

Облыстық кәсіпкерлік және индустриалдық-инновациялық даму басқармасының басшысы Нұржан Өтепбаевтың айтуынша ,былтыр негізгі капиталға тартылған инвестиция көлемі 13,7% артып, 874,5 миллиард теңгені құрады. Биылғы меже 1 триллион 51 миллиард теңге деңгейінде белгіленген. 2026 жылдың І тоқсанының қорытындысы бойынша инвестиция көлемі 135,4 миллиард теңгеге жетіп, 2025 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 22,3% өсім көрсетті. Мемлекет басшысының жеке инвестициялар көлемін арттыру туралы тапсырмасы шеңберінде 94,2% немесе 127 миллиард теңгеге қол жеткізілді.

Жиында 11 серіктестік өкілі өздерін толғандырған сұрақтарын қойды. Инвесторлар инженерлік желілерді тарту, қаржыландыру тетіктері және жер телімдерінің нысаналы мақсатын өзгертуге қатысты мәселелерді көтерді. Нариман Төреғалиев әр кәсіпкердің уәжін мұқият тыңдап, оларды шешу бойынша жауапты құрылымдарға нақты тапсырмалар жүктеді.

Облыс прокуроры Нұрбек Ұласбекұлы Ұлттық цифрлық инвестициялық платформа және бірыңғай индустрияландыру картасы шеңберінде жобаларды сүйемелдеу бойынша атқарылған жұмыстарға тоқталды.

Инвестициялық штаб отырысын қорытындылаған аймақ басшысы Орал қаласы мен барлық аудан әкімдері жоспарлы межеге қол жеткізу мақсатында жұмысты одан әрі ширату қажет деді. Одан бөлек инвестиция тарту үдерісін бақылауға бағытталған телеграм бот ашуды тапсырды.