Батыс Қазақстан облысында 2 498 көппәтерлі тұрғын үйдің 1 429-ы тікелей бірлескен басқаруда болса, 474-і пәтер иелері кооперативтері, 284-і басқарушы компаниялар, 241-і мүлік иелері бірлестіктері арқылы басқарылады. Бұл туралы AMANAT партиясының «Turǵyndar аmanaty» жобасы аясында ұйымдастырылған «Үйді басқару: жауапкершілік, сенім, нәтиже» атты өңірлік форумда облыс әкімінің орынбасары Мирас Мүлкәй мәлімдеді. Жиынға ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Екатерина Смышляева, AMANAT партиясы Орталық аппаратының басшысы Мәди Оспанов, «Қазақстандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту және дамыту орталығы» АҚ өкілі Асқар Каменов, түрлі деңгейдегі мәслихат депутаттары, мемлекеттік органдар мен коммуналдық қызмет өкілдері, ПИК пен МИБ жетекшілері қатысты.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылғы сегізінші қыркүйектегі жолдауында тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, энергетика және инфрақұрылымды басқарудың жаңа моделін қалыптастыру жөнінде нақты тапсырмалар берді. Аталған іс-шарада осы бағыттағы жұмыстар, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын дамыту, көппәтерлі тұрғын үйлерді басқару жүйесін жетілдіру, сондай-ақ ашықтық пен есептілікті арттыру мәселелері талқыланды. Партиялық жобаның тиімділігі туралы айтылды.

Айта кетейік, өңірде 1 491 көпқабатты тұрғын үй кондоминиум нысаны ретінде тіркелген. 2026–2030 жылдарға арналған жол картасы аясында тағы 700-ден астам тұрғын үйді тіркеу жоспарланып отыр. Қазіргі таңда 60 пәтер иелері кооперативі мен 24 тұтыну кооперативін қайта тіркеу жұмыстары жүргізілуде.