Қазақстанда жүргізуші куәлігін алуда жаңашылдық енгізілмек. Бұл туралы жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі мәлімдеді.
Жаңашылдықтарға сәйкес тұрғындар ақылы түрде, шектеусіз жүргізуші куәлігін алу үшін емтихан тапсыра алады. Тек білім сынағының арасы күнтізбелік он күн болуы керек.
Қазіргі таңда емтиханды үш рет, тегін тапсыруға болады. Сынақтан сүрінсе, екінші күні тапсыратын еді. Одан сүрінсе, 30 тәуліктен соң білімін қайта сынайтын. Сала мамандары шектеусіз емтихан тапсыру жемқорлықты азайтуға септігін тигізеді деп пайымдап отыр.
Жүргізуші куәлігін алуға арналған емтихандарды өткізу үшін жасанды интеллект қолданылмақ. Және автомектептердің жұмысында бақылау күшейтіледі.
-Автомектептердің жұмысын бағалау кезінде жүргізушілерді даярлау сапасы мен азаматтардың кері байланысы ескеріледі. Сондай-ақ олардың қызметін лицензиялау енгізу жоспарланып отыр. Жүргізушілерді даярлау сапасы төмен болған жағдайда лицензияны толық кері қайтарып алу шарасы қарастырылады, -деп хабарлады жасанды интеллект және цифрлы даму министрлігі.